«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Алтын сапа: «Табысқа жетуге ұмтылыңыз!»

2016 жылғы 20 Маусым
- Шымкент қаласы
10184 просмотров

«Атамекен» Ұлттық палатасының жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі департамент директорының орынбасары Салтанат Әбдікәрімова оңтүстікқазақстандық кәсіпкерлерге осындай ұран тастады

Ол ОҚО Кәсіпкерлер палатасында Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығынан үміткерлерге арналған байқау мен «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауын бағалау шарттары бойынша оқу семинарларын өткізді. Байқауларға қатысуға ниет білдірген ұйымдардың өкілдеріне Салтанат Әбдікәрімова олардың өту тәртібі мен ережелерін түсіндірді.

Сыйлық алуға Қазақстан аумағында тауар өндірумен, қызметтер көрсетумен айналысатын кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар үміткер бола алады. Оған тек мемлекеттік қатысу үлесі 50%-дан асатын әскери техника шығаратын ұйымдар мен оңалту және банкроттық процедураларын өткеріп жатқан кәсіпорындар ғана қатыса алмайды.

«Алтын сапаны» жеңіп алу үшін жоғары өндіріс көлеміне ие болып қана қоймай, сонымен бірге, түрлі бағыттар бойынша көрсеткіштер деңгейін көрсету керек. Мұндай көрсеткіштерге сапа, тұтынушылардың қанағаттануы жөніндегі деректер, бизнестің даму үрдістері, инновациялар, даму стратегиялары, ресурсты үнемдеу, кадрлық саясат, қоғамды дамытуға арналған әлеуметтік бағдарламалар, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі шаралар және т.б. жатады.

Семинар қатысушыларына ҚР Президентінің сыйлығы үш аталым бойынша берілетіні еске салынды. Олар: «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын», «Тұрғындарға арналған тауарлар шығаратын үздік кәсіпорын», «Қызметтер көрсететін үздік кәсіпорын». Әр аталым бойынша үш сыйлық тапсырылады: шағын кәсіпкерлік субъектісі, орта кәсіпкерлік субъектісі және ірі кәсіпкерлік субъектісі. Ұйымдастырушы тарапқа байқау қатысушыларының материалдарын рәсімдеу, ұсыну және алдын ала сарапшылық бағалау ережелеріне сәйкес материалдары тапсырылуы қажет.

Жетістіктер компанияның сапа саласындағы табыстары мен қазіргі таңдағы ұмтылысын есепке ала отырып бағаланады. Бағалау ұпай беру арқылы жүзеге асып, соңында олар жинақтала есептелінеді. Қатысу үшін менеджмент жүйесі болуы шарт, бұл тұста кәсіпкерлер қызметінің аудиті үшжылдық деректер негізінде өтуі тиіс.

«Алтын сапаны» ұйымдастыру былтырдан бері «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасына жүктелген. Ұйымдастырушының ауысуы комиссия құрамының ауысуына да алып келді. Егер бұрын ол негізінен мемлекеттік орган өкілдерінен құралса, қазір оған салалық қоғамдық ұйымдар мен қауымдастықтар басшылары енген. Ең үздік кәсіпорындарды анықтайтын сарапшылардың кәсіпкерліктің түрлі салаларында мол тәжірибелері бар. «Алтын сапа» – бұл өзіңді таныту мүмкіндігі, – дейді Салтанат Әбдікәрімова.  Бұл сапа стандарттары бойынша сәйкестігіңді тексеру, елдің өзге де жетекші компаниялармен салыстыруда құнды тәжірибе алмасу. Сонымен бірге, сапа саласындағы байқаулар жеңімпаздарға көшбасшы имиджін, жоғары сапалы бәсекеге қабілетті өнім мен қызметтер ұсынатын сенімді өндіруші беделін береді, жаңа серіктестер мен тапсырыс берушілерді тартуға, қолданыстағы нарық үлесін сақтауға және арттыруға септігін тигізіп, кіріс көлемінің артуына мүмкіндік береді, тиісінше, жаңа іскерлік мүмкіндіктерге жол ашады».

«Алтын сапаның» ресми серігі «Қазақстанның үздік тауары» жәрмеңкесі саналады. Бұл шараның басты міндеті «Made in Kazakhstan» брендіндегі өнімдерді таныту және отандық тауар өндірушілерді халықаралық стандарттарға өткізу болып саналады. Көрме-байқау «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Тұрғындарға арналған үздік тауарлар» және «Ең үздік азық-түлік тауарлары» деп аталатын үш аталымнан тұрады. Ең үздік дегендерді іріктеу екі кезеңнен тұрады. Алдымен өңірлік көрмелер ұйымдастырылады, олардың нәтижелері бойынша әр облыстан 9 жеңімпаз Астанаға ақтық сыннан өтуге келеді. Мұнда «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауының лауреаттары таңдалып, әр аталым бойынша I, II және III дәрежелі дипломдармен марапатталады. Компаниялар  үздік тауарды анықтау үшін қандай көрсеткіштер маңызды екенін түсінуі керек.

Семинарға келгендер жоғары дәрежедегі ақпараттан тұратыны мен жақсы ұйымдастырылғанын атап айтты. Шара соңында семинар қатысушылары сертификаттарға ие болды.

Салтанат Әбдікәрімова кәсіпкерлерге өз саласында жетістікке жетіп, үздік деп танылуын тіледі, сонымен бірге, оларды Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығынан үміткерлерге арналған байқауға белсендірек қатысуға шақырды. Ол, сондай-ақ, республикалық байқауда оңтүстікқазақстандық кәсіпкерлер жеңімпаздар қатарынан көрініп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қолынан сыйлық алатынына сенімді екенін жеткізді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер