«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Жамбыл облысындағы сайлау: кәсіпкерлікті қолдау мен өңірлік дамудың маңызды кезеңі

2025 жылғы 13 Қаңтар
- Жамбыл облысы
1453 просмотров

10-19 қаңтар аралығында Жамбыл облысында Өңірлік кеңеске делегаттар сайлауының үгіт-насихат кезеңі өтуде. Бұл кезеңде үміткерлер өз бағдарламаларын таныстырып, сайлаушылармен кездесулер ұйымдастырып, жарияланымдар мен үгіт материалдарын тарату арқылы үгіт – насихат науқанын жүргізе алады.

Үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу – әр кандидаттың құқығы, бірақ міндетті емес. Дегенмен, бұл кандидаттарға өз бастамалары мен жоспарларын сайлаушыларға жеткізуіне, бағдарламасын ұсынуға және сайланған жағдайда қол жеткізуге ниетті мақсаттары мен міндеттерін көрсетуге мүмкіндік береді.

Сайлаудың негізгі кезеңі 20-22 қаңтар аралығында өтеді. Бұл күндері салалық және аудандық кеңес мүшелері өздерін өңірлік деңгейде таныстыра алатын делегаттарды таңдайды. Өңірлік кеңес – бұл кәсіпкерліктің дамуына, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге және өңірдің тұрақты дамуына бағытталған маңызды орган.

Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Еркін Атымтай бұл сайлаудың маңыздылығына тоқталып өтті:

«Өңірлік кеңес – бұл өңірдегі кәсіпкерлік пен экономиканың болашағын анықтайтын шешімдер қабылданатын алаң. Бұл сайлау үміткерлер үшін өз идеяларын ұсынуға, ал сайлаушылар үшін лайықты көшбасшыларды таңдауға үлкен мүмкіндік береді. Белсенді азаматтық ұстаным біздің өңірдің тұрақты дамуы үшін маңызды қадам болмақ».

Өңірлік кеңес – билік, бизнес және қоғам арасында өзара тиімді байланыс орнатуға арналған алаң. Мұнда өңірдің маңызды мәселелері қаралып, кәсіпкерлік ортаны жақсарту бойынша нақты қадамдар жасалады.

Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Айдар Абдыкадыров сайлаудың екіжақты маңыздылығын атап өтті:

«Сайлау – бұл жауапкершілік кезеңі. Үміткерлер өз бағдарламаларын таныстырса, сайлаушылар әділ таңдау жасауға тырысады. Біз барлық салалық және аудандық кеңес мүшелерін белсенді қатысуға және саналы шешім қабылдауға шақырамыз».

Бұл сайлау өңірлік кеңеске сайланған делегаттарға өңірдің әлеуметтік және экономикалық даму жолдарын анықтауда маңызды рөл атқаруға мүмкіндік береді.

Салалық кеңес мүшесі Айнұр Заурбекова өңірлік кеңестің әлеуметтік аспектілеріне ерекше тоқталды:

«Өңірлік кеңес тек экономикалық емес, әлеуметтік мәселелерді шешуге де бағытталған. Бұл аймақ тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік береді. Сайланған делегаттар кәсіпкерлік пен әлеуметтік тұрақтылықты бірлесе дамытуға ұмтыларына сенемін».

Көлік және логистика саласының өкілі Еркін Молдикәрімов кеңестің өз саласы үшін ерекше рөлін атап көрсетті:

«Өңірлік кеңес көлік және логистика саласының инфрақұрылымын дамыту, жаңа технологияларды енгізу сияқты маңызды мәселелерді талқылауға мүмкіндік береді. Бұл тек біздің саланың ғана емес, бүкіл аймақ экономикасының дамуына оң әсер етеді».

Жамбыл облысындағы сайлау – бұл өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы маңызды кезең. Сайлау нәтижесінде таңдалатын делегаттарға кәсіпкерлікке қолдау көрсету, халықтың өмір сапасын арттыру және тұрақты болашақ құру жолында үлкен жауапкершілік жүктелінеді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер