«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Кәсіпкерлер палатасында жекеменшік білім беру ұйымдарының қауіпсіздігі мәселелері талқыланды

2025 жылғы 09 Қаңтар
- Шымкент қаласы
568 просмотров

Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында білім беру саласындағы кәсіпкерлердің салалық кеңесінің биылғы алғашқы отырысы өтті.

Кеңес төрайымы Диана Қараманованың модераторлығымен өткен жиынға қалалық білім басқармасының, цифрландыру басқармасының және полиция департаментінің жетекшілері, интернет-провайдерлердің өкілдері, жекеменшік мектептер мен балабақшалардың құрылтайшылары, кәсіпкерлер қатысты.

Кеңес отырысында жекеменшік білім беру ұйымдарындағы бейнебақылау жүйелерін жедел басқару орталығына қосу мәселесі талқыланды.

Бұл мәселе бойынша Полиция департаменті Ақпараттандыру және байланыс басқармасының бас маманы полиция капитаны Бауыржан Қалмырзаев жауап берді.

«Бүгінгі таңда ЖБО-ға қала бойынша жалпы 13 мыңнан астам бейнекамера қосулы тұр. Оның ішінде Шымкенттегі 150 мемлекеттік мектептің 134-і бір компания арқылы қосылған. Ал жекеменшік білім беру ұйымдары түрлі провайдерлер арқылы қосылуда. Бұл тұрғыда бірқатар сұрақтар бар екені жасырын емес. Себебі, кейбір мекемелердегі камера, бейнетіркегіш секілді құрылғылардың сапасы тиісті талапқа сай келмейді. Бұл жерде айта кететін жайт, Полиция департаменті білім беру ұйымдарының камераларын ЖБО-ға қосу бойынша тізбектегі соңғы нүкте болып саналады. Сондықтан, бұл мәселені жауапты Білім беру басқармасы реттеуі керек деп есептейміз. Оған қоса полиция тарапынан ЖБО-ға қосымша қуатты сервер жүйесін алу туралы қалалық әкімдікке хат та жазылды», – деді Бауыржан Қалмырзаев.

Полиция департаментінің өкілі, сонымен қатар, білім беру ұйымдарындағы дабыл нүктесі туралы да түсіндіріп, заң бойынша ол нүктені не полиция департаментіне, не сол білім беру ұйымымен келісімшарт жасалған күзет агенттігіне қосудың бірін таңдау жеткілікті екенін айтып өтті.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша қалалық білім басқармасының өкілдері де түсіндіріп өтті.

«Қазіргі таңда Шымкентте 150 мемлекеттік, 130 жекеменшік мектеп бар. Олардың барлығы заң бойынша террористік тұрғыда осал ғимараттар санатына жатады. Бүгінгі таңда мемлекеттік мектептер бюджет есебінен қосылған. Ал жекеменшік мектептер де жаңа құрылғылармен жабдықталған деп айта аламын. Ендігі мәселесі, осы жекеменшік білім беру ұйымдары ЖБО-ға қосылу үшін тиісті лицензиясы бар қызмет берушіні тауып, сол арқылы қосылуы керек», – деді Шымкент қаласы білім басқармасының бөлім басшысы Тұрар Саутов.

Кеңес отырысын қорытындылай келе Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Мақсат Өткелбаев тиісті лицензиясы бар өнім берушілерді анықтауды ұсынды.

«Осы мәселенің шешімін табу үшін Полиция департаменті, Білім басқармасы, Кәсіпкерлер палатасы және білім беру ұйымдарының жетекшілері бірігіп, жұмыс тобын құруды ұсынамын. Білім беру ұйымдарының бейнекамераларын ЖБО-ға қосу үшін аккредитациясы бар провайдерлерді анықтау керек. Сонда кәсіпкерлер осы компаниялардың арасынан таңдап, келісімшарт құрса, мұндай мәселелер туындамас деп ойлаймын. Ал бұл жұмыстарды Білім беру басқармасы үйлестіруі тиіс. «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ өкілдерін де жұмылдыруға болады», – деді Мақсат Өткелбаев.

Кеңес отырысына қатысушылар алдағы уақытта бірігіп жұмыс істеуге келісті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер