«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Аралдық кәсіпкер түйе мен ешкі сүтінен сабын шығарады

2023 жылғы 28 Қараша
- Қызылорда облысы
6877 просмотров

Арал қаласының кәсіпкері, көпбалалы ана Арсена Күшжанова небәрі 8 ай ішінде Атамекен кәсіпкерлер палатасының «Бір ауыл - бір өнім» жобасы аясында кәсібін дөңгелетіп, бүгінгі күні жергілікті тұрғындарға үлкен сұранысқа ие өнім ұсынып отыр.

Арсенаның түйе мен ешкі өнімдерін пайдалана отырып шығарған сабыны алғашында отбасы мен жақындарына арналса, көп уақыт өтпей тойлар мен ұжымдық жиындар, мерекелерде сыйлық ретінде өте бастады. Осыдан соң ол бұл кәсіппен кәсіби айналысуға шешім қабылдады.

«Кішкентай баламның жай сабынға аллергиясы болды, осы себеп маған сабын құрамын кеңінен зерттеп, тек табиғи заттардан жасалатын өнім шығаруыма түрткі болды. Нәтижесінде кәсіпкерліктің қыр-сырын үйрену үшін оқу оқып, жоба қорғадым. Жобамды өңірлік кәсіпкерлер палатасы қызметкерлерінің арқасында сәтті қорғап, 400 АЕК көлемінде грант жеңіп алдым. Осы бастапқы капиталға керек құрал-жабдықтарымды алып, кәсібімді бастап кеттім», – деді кәсіпкер.

«ARAL ORGANIK» атауымен белгілі болып кеткен отандық өнімнің танымалдығы артып, облыс орталығында «Бір ауыл – бір өнім» жобасының жеңімпазы атанған Арсена қазан айында Астана қаласында өткен «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы аясында «Бір ауыл – бір өнім» көрмесіне қатысты.

Шарада Арсена көптеген  бизнес өкіл, инвесторлармен кездесіп, өз ара келісім-шарттар жүргізді. Жас кәсіпкер бұған дейін де халықтың сұранысына байланысты Астана қаласында өткен жәрмеңкеде елордалықтарға өз өнімін таныстырған болатын. Бүгінгі күні сабын өнімдері Павлодар, Жамбыл, Ақтөбе облыстары мен Астана қаласына жеткізіліп жатыр.

Арсенаның өнімдері еліміздің түкпір-түкпіріне танылып келеді. Алғашында ол өзі тұратын Арал қаласындағы үлкен сауда үйлерінің бірінен «Органик» бұрышын  ашса, қазіргі таңда кәсіпкердің органикалық өнімдерін қала орталығындағы дүкен сөрелерінен кездестіруге болады. Сонымен бірге, осы өнімдер облыс көлемінде өтетін түрлі шаралар, көрмелерде кеңінен таралып жатыр. Кәсіп иесі мұнымен тоқтамай, әрі қарай кәсібін халықаралық деңгейге шығармақ жоспары бар.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер