«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Шымкентте отандық өндірушілерді қолдауға бағытталған үшжақты келісімге қол қойылды

2023 жылғы 22 Қыркүйек
- Шымкент қаласы
9702 просмотров

Шымкент қаласында «Самұрық-Қазына» қоры, қалалық әкімдік және «Атамекен» ҰКП ұйымдастыруымен отандық кәсіпкерлерге арналған конференция өтті. «Шымкент қаласында кәсіпкерлік саласын дамыту» тақырыбымен өткен конференция – өңірдегі шағын және орта бизнес өкілдері үшін басты оқиғалардың бірі.

Жиынды Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова ашып, жүргізіп отырды.

– Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында «Алдағы үш жылдың ішінде реттелетін сатып алу саласындағы жергілікті өнімдер мен қызметтердің үлесі кемінде 60 пайызға жетуге тиіс» деп тапсырған болатын. Жалпы, мемлекеттік тапсырыстарды алатын және мемлекеттік қолдау пайдалатын ірі кәсіпорындар негізінен қазақстандық тауарлар мен қызметтерді пайдалануы тиіс. Бүгінгі іс-шара да осыған арналады, – деді Сабира Адамбекова.

Жиында «Самұрық-Қазына» қорының өкілдері отандық тауар өндірушілерді қолдау тетіктерін түсіндірді. Қор өкілдерінің айтуынша, қазіргі таңда Қордың сатып алу саясатының жаңа моделі қалыптастырылды, ол сатып алу жүйесінің ашықтығын, әділдігін қамтамасыз етуді және отандық кәсіпкерлерді қолдауды көздейді.

– 2018 жылдан бастап Қор ұзақ мерзімді офтейк-келісімшарттар жасай отырып, Қазақстанда баламасы жоқ жаңа өндірістер құруды ынталандыратын импортты алмастыру бағдарламасын іске асырып жатыр. Бағдарлама аясында 107 млрд теңгеден астам сомаға 389 офтейк-келісімшарт жасалды. Бұл офтейк-келісімшарт тиімді шарттармен қаржыландырудың басты құралы болып табылатынын айта кеткен жөн. «Самұрық-Қазына» Қоры реттелетін сатып алуларда алғашқы болып осындай келісімшарттарды енгізді, – деді «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС бас директорының орынбасары Әділет Батталов.

Конференцияда Шымкент қаласының әкімдігі, «Атамекен» ҰКП және «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС арасында үшжақты келісімге қол қойылды. Мұндағы мақсат – отандық өнімге қолдау көрсету және импортты алмастыру саясатын іске асыруда ынтымақтастықты арттыру.

Жиында кәсіпкерлерге арналған семинарлар өткізілді, онда «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС сарапшылары отандық өндірушілерді қолдау құралдарымен таныстырды, қордың сатып алуларына қатысу жолдарын түсіндірді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер