«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Шымкентте әйелдер кәсіпкерлігі қаланың жалпы ішкі өнімінің 40 пайызын қамтамасыз етуде

2020 жылғы 23 Қаңтар
- Шымкент қаласы
89990 просмотров

Оңтүстік қаланың іскер ханымдары бір орында тұрмай, өсуге қажетті жаңа мүмкіндіктерді іздеуде

Шымкент қаласында бүгін басталған «Әйел және бизнес: жаңа мүмкіндіктер-2020» кәсіпкер әйелдердің ІІІ бизнес-форумының мазмұны дәл осындай болды. Оның жұмысына «Атамекен» ҚР ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы, «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа мүшесі Лаззат Рамазанова, Шымкент қаласының басшылығы, кәсіпкерлер, Іскер әйелдер кеңесінің басқа өңірлердегі делегаттары, халықаралық ұйымдар, үкіметтік емес ұйымдар, БАҚ өкілдері қатысты. Форум бір алаңда табыс пен өсуге ұмтылған 300 іскер әйелдің бас қосуына, тәжірибе алмасуына, мәселелерді талқылап, пайдалы іскерлік байланыстар орнатуға мүмкіндік берді.

 Форум жетекшісі – Шымкент қаласы бойынша Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Алма Архабаеваның айтуынша, Шымкентте белсенді, бастамашы әйелдер жеке бизнес-жобаларын көптеп құрап, жаңа идеяларды іске асыруға ұмтылып келеді, өздерінің позитивті әрі жасампаз энергияларын қала экономикасының жақсаруына бағыттап жатыр. Әйелдер білім беру, медицина объектілерін табысты басқарады, ауыл шаруашылығымен айналысуда, бірақ көбіне олар қызмет көрсету, сауда, жеңіл және тамақ өнеркәсібінде кәсіп жүргізеді.

«Атамкен» ҚР ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Лаззат Рамазанова оңтүстік қаладағы әйелдер кәсіпкерлігі белсенділігінің артып келе жатқанын айтып, жергілікті бизнес ханымдардың әлеуметтік портретіне сипаттама берді:

«Мен осындай статистиканы хабарлауға қуаныштымын: Шымкенттің әйелдер кәсіпкерлігі қаланың жалпы ішкі өнімінің 40 пайызын қамтамасыз етуде! Дәл қыз-келіншектер Шымкенттегі бизнес-қоғамдастықтың 42 пайызын құрап отыр, және осындағы дамуға қажетті әлеует осы сандармен шектелмейді, оның ауқымы кең. Қалада шағын және орта бизнесті әйелдер белсенді ілгерілетуде. Олар аздан бастап, қалаған межеге қол жеткізіп, жаңа мүмкіндіктерді іздеп ары қарай ұмтылып жатыр. Форумның негізгі мақсаты да осы – Шымкент қаласы кәсіпкер әйелдеріне бірлесіп жұмыс істеуге жаңа мүмкіндіктерді беру».

 Әйелдер кәсіпкерлігінде қандай қиындықтар бар? Жаңа биіктерге қол жеткізгісі келетін қыз-келіншектерге қандай бағытта қозғалу керек? Бұл туралы спикерлер, пікір көшбасшылары, практиктер және табысты компаниялардың жетекшілері айтып, мысалға өз табыс жолдарын, үздік кейстерді келтірді.

 Шымкент қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қабыштаев әйелдер кәсіпкерлігін мемлекеттік қолдау шаралары туралы егжей-тегжейлі ақпараттандырды.

 Форумда Іскер әйелдер кеңесінің атқарған жұмысына қорытынды жасалып, 2020 жылға жоспарлар ауқымы айтылды, Іскер әйелдер кеңесі мүшелері компанияларының өнімдері мен қызметтерінің көрмесі өтті, екінші деңгейлі банктер, даму институттары өкілдері өнімдері туралы таныстырылым жасап, сондай-ақ шеберлік сабақтар, жергілікті дизайнерлердің топтамаларына дефиле, панельдік сессиялар ұйымдастырылды.

 Форум қатысушылары дәл осындай алаң, осындай формат ашық пікір алмасу, өзекті мәселелерді көтеру, жемісті идеяларды генерациялау, әйелдер бірлестіктерінің қызметін үйлестіру, бизнесті шоғырландыруға мүмкіндік береді деген ортақ пікірде болды.

 Форумның алғашы күнінің ауқымды бағдарламасы қаланың үздік кәсіпкер әйелдеріне сертификат беру және марапаттаумен аяқталды. Құнды білім және эмоцияларға қаныққан форум қатысушылары келесі күнді асыға күтіп, тарқасты. Ертең қатысушылар қаладағы үздік кәсіпорындарына экскурсия жасайды.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер