«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Нысап сайын береке

2018 жылғы 02 Тамыз
- Шымкент қаласы
6858 просмотров

Оңтүстіктегі кәсіпкер өз қаржысына үш елді мекеннің жолын жарықтандырды

Бәйдібек ауданының тумасы, жеке кәсіпкер Оралбек Ботбай жуырда Борлысай ауылдық округіне қарасты Ақтас, Қошқарата, Кеңсай ауылдарын жалғайтын жол бойына көше шамдарын орнатып берді.

Еліміз бойынша энергия қуатын үнемдейтін мұндай автоматты көше шамдары тұңғыш рет Бәйдібек ауданында орнатылды. Күн батқанда өздігінен қосылып, таңның атуымен сөнетін бұл шамдар күн райына қарай қуат беру мөлшерін реттеп отырады. Бұл энергияның 75% үнемдеуге мүмкіндік бермек. Әрбір шам 100 Ватт көлемінде энергия тұтынғанымен, 1300 Ваттың жарығын береді.

Бұл жобаны жүзеге асыруға кәсіпкер 245 млн. теңге жұмсаған. Ауыл округіндегі 14 шақырымнан астам жол бойына 438 бағана орнатылып, әрқайсы жеке штрих-кодпен нөмірленген. Егер бір бағанадағы шамнан ақау шықса, ол автоматты түрде өзі сөнеді. «Ақылды жарықшам» аталатын бұл жүйе ұялы байланыс тетігі арқылы басқарылады. Кәсіпкердің жетекшілігімен Бәйдібек ауданының орталығы Шаян ауылындағы М.Әуезов көшесінде ұзындығы 3 шақырымнан астам жолдың бойына 77 бағана орнатылып, жарық шамдарының құрылысы басталып кетті.

Кәсіпкердің айтуынша, келешекте мұндай энергия үнемдеуші шамдар өзімізде шығарылмақ. Ол үшін бүгінгі күні қажетті жұмыстар жүргізілуде.

Айта кетейік, кәсіпкердің елге жасаған қайырымдылық шараларының бір парасы ғана. Бұған дейін де өз ауылына жол салып, игілікті істерімен елдің разылығына бөленген. Туған жерді түлету перзенттік парыз екенін ескерген кәсіпкер, туып-өскен елінің көркеюіне зор үлес қосып отыр. Бұдан бөлек, ауылдан дене шынықтыру, ІТ мектебін ашу ойында. Қазір Борлысай ауыл округіне қарасты елді мекеннің бәрінде мектеп бар. Тақтайдай тегіс жол жатыр. Ауызсу жүйесң де жүргізілуде. Көше шамдары орнатылды. Осының бәрі – кәсіпкердің ауыл тұрғындарының игілігі үшін атқарылып жатқан оңды істері.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер