«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ет өңдеу ерекшеліктері

2016 жылғы 25 Қазан
- Шымкент қаласы
13038 просмотров

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Агробіліктілік орталығы Кәсіпкерлер палатасының қолдауымен ет және ет өнімдерін қайта өңдеу бойынша кезекті семинар өткізді

Бұл жолы оқыту Сайрам ауданының «Камилов» ЖК базасында өтті. Айта кетерлігі, аталған жеке кәсіпкерлікте мал бордақылау шаруашылығына басым бағыт берілген. Таңдалған шаруашылық сипаты оқыту тақырыбымен тұспа-тұс келген. Осылайша семинар тақырыбы – «Еттің толығымен қайта өңдеу ерекшеліктерін ескере отырып, қайта өңдеу кәсіпорындарының тиімділігін арттыру» болды.

«Камилов» ЖК – аудандағы алдыңғы қатарлы кәсіпорындардың бірі болып саналады. Бүгінгі таңда мұнда мал сойылып, барлық қажетті технологиялық ережелерге сай ет өнімдері даярланады. Кәсіпорын айына 120 тонна, ал жылына 1400 тонна көлеміндегі ет өнімдерін шығарады.

Дәріс оқушылар фермерлерге қайта өңдеуші кәсіпорындардың экономикалық мүмкіндіктері, ет өнімдері өндірісінің технологиялық ерекшеліктері және саладағы инновациялар туралы әңгімеледі. Сайрам ауданы – халқы тығыз орналасқан аймақ болғандықтан, тұрғындардың өз-өзін қамту көрсеткіші жоғары аудан қатарына жатқызылады. Сол себепті, жергілікті фермерлердің заң актілеріндегі жаңашылдықтар туралы ақпаратқа сұранысы зор. Осылайша, өткізілген семинарлар қазіргі күні кәсіпкерлік қызметті атқарып келе жатқан және өз ісін енді ашып жатқан кәсіпкерлерді нарық талаптарына ғана емес, сонымен қатар, өндірілген өнімнің қауіпсіздік негіздерін оқытуға бағытталған еді. Дәріс оқушылар ветеринарлық заңға сәйкес, мал сою ісі арнайы жабдықтандырылған алаңдарда немесе барлық қондырғылары бар пунктерде өтуі тиіс екенін айтты. Сонымен қатар, мал төлқұжатымен танысып, малдың тұтас етіне тексеру жүргізетін ветеринардың болуы міндетті екені де әңгімеленді. Аталған шаралардың барлығы қоршаған орта қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тұрғындар денсаулығын сақтауға бағытталғанын айта кеткен жөн.

Сонымен қатар, қатысушылар мемлекеттік қолдау көрсету шаралары мен нарық қатысушылары арасындағы кооперациялардың жаңа мүмкіндіктері туралы сөз қозғады. Дәлірек айтсақ, «Ауыл шаруашылығы кооперациясы туралы» ҚР жаңа заңына сәйкес, АӨК-ке коммерциялық ұйым мәртебесі берілген екен. Бұл өз кезегінде, кооперация мүшелеріне табысты бөлуге жол ашпақ. Бұған дейін, біріккен фермер шаруашылықтарында мұндай мүмкіндік болмаған еді. Заңда сондай-ақ, АӨК мүшелерінің жарғылық капиталға қатысуына байланысты, олардың арасында мемлекеттік субсидияларды бөлу тетіктері де қарастырылған. Сонымен бірге, АӨК құруға бүгінде көп көлемде қаражат бөлінеді: бұл мақсатта «ҚазАгро ҰБХ» АҚ 7,3 млрд теңге қарастырған.

Күннің екінші жартысында семинар қатысушылары мал сою ісінің технологиялық процесі мен тұтас етті бөлу және етті қайта өңдеу ісімен тәжірибе жүзінде танысты. «Камилов» ЖК-де бұған қажет аспалы, бөлу, тоңазытқыш құралдарының бәрі бар.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу АӨК дамыту және кәсіпорын қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратыны да айтылды.  Себебі, азық-түлік тағамдарына деген сұраныс жыл сайын артуда. Өндірісті жаппай дамытып, қалыптасқан ұйымдастыру жұмысы бар «Камилов» ЖК мал шаруашылығын дамытуға мүдделі өзге де қожалықтар үшін үлгі болары анық.

Семинар аяқталғаннан кейін, қатысушыларға оқуға қатысқандарын айғақтайтын сертификаттар табысталды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер