«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Оңтүстік Қазақстан кәсіпкерлерінің өзекті мәселелері көтерілді

2016 жылғы 30 Қыркүйек
- Шымкент қаласы
11513 просмотров

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Меруерт Қазбекова оңтүстікқазақстандық кәсіпкерлерді бизнеске арналған заңды бірлесіп жетілдіруге шақырды

Ол Шымкентке «Нұр Отан» жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша Республикалық қоғамдық кеңесті бастап келді. Кәсіпкерлер Палатасында өткен кездесуде мәжілісмен делегацияның келу мақсатын атап өтті. Мұнда көзделген меже – салық және кедендік әкімшілендіру саласындағы мемлекеттік қызметтердің көрсетілу сапасы мен қолжетімділігін зерттеу.

«Бізге кәсіпкерлік саласына қатысты әзірленіп жатқан және қолданыстағы заңдар туралы  кәсіпкерлердің пікірін білу маңызды. Ол ең алдымен осы заңдардың олқылықтарын түзету үшін қажет», – деп атап өтті Меруерт Қазбекова.

Кәсіпкерлер бизнестің жұмысына тосқауыл болып отырған бірқатар мәселелерді көтерді. Мысалы, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында әрекет ететін компания өкілдерін 2017 жылдан кейін қосымша құн салығы бойынша переференциялардың және арнайы экономикалық аймақтар үшін баж салығының  күшін жою жайы алаңдатуда. Көптеген кәсіпкерлер арнайы экономикалық аймақтағы зауыттар мен фабрикалардың құрылысына мол ақша салған. Алайда 2017 жылдан кейін кейбір жеңілдіктер жойылады. Сол себепті кәсіпкерлер экономиканың  басты салаларын ары қарай қолдау мақсатында арнайы экономикалық аймақта орналасқан кәсіпорындарды қолдаудың өзге де жолдарын (шығындарды субсидиялау, жеңілдік тарифтері және тағы басқа) жасауды және қарастыруды ұсынды.

Ал Оңтүстік Қазақстанның фармацевтикалық компаниялар қауымдастығының төрайымы Хадиша Әлжанова фармацевтикалық өнімдерді импорттаушы кәсіпкерлер арасындағы жалған бәсекелестік мәселесін көтерді. Мысалға барлық дәрілік заттардың 90%-ы шетелден келетіні жасырын емес. Сондай-ақ заңсыз жолмен алып келіп жатқандары қаншама. Міне, сондықтан Х.Әлжанова фармацевтика саласын өте мұқият тексеруді ұсынды.

«Дәріхана иелеріне тексеру жүргізу туралы бір ай бұрын ескертіледі. Мұндай жағдайда жалған немесе расталмаған дәрілік заттың болуы мүмкін емес екендігі түсінікті. Сол себепті кенеттен тексеру жүргізу керек. Жалпы алғанда бұл саланы қатаң бақылаған жөн», – деп атап өтті ол.

Қазақ мақта қауымдастығыны төрағасы Бақтыбек Саин мақта өндіру саласындағы заңнамалық актілердің жетілдірілмегенін айтты. Әлі күнге дейін экспорттау кезінде мақта талшығына баға белгілеу әдістемесі мен дайындауға байланысты мәселелер шешімін таппаған. Сондай-ақ, оңтүстікқазақстандық мақта өсірушілерде тағы бір мәселе туындады.

«2007 жылы «Мақта саласын дамыту туралы» заң қабылданды. Ол жерде мақта зауытында өндірілген мақта талшығының әрбір легі сараптамадан өтіп, сапа куәлігін алу керек деп жазылған. Ол куәлікті  «ҚазАгро ЭКС» АҚ филиалы береді, – деді С.Бақтыбаев. – Бұл сараптама биылғы жылға дейін сараптамалық ұйым арқылы толығымен бюджет қаражаты есебінен жүргізіліп келді. Ол Үкіметтің белгілеуімен анықталатын. Алайда бүгінде мақта талшығының сапасын зерттеуге бөлінген қаражат, Оңтүстік Қазақстан облысы мәслихаының шешімімен басқа бапқа ауысты. Ол басты ауыл шаруашылығы дақылдарын субсидиялау. Алайда сапа куәлігін алу туралы заң нормасы сол қалпында қалды. Ертең мынадай жағдай туындауы мүмкін, кеденшілер вагонға жүк тиеу кезінде экспорттаушы компаниялардан сапа куәлігін талап етуі мүмкін. Ал оларда бұл құжаттар жоқ.  Өйткені сараптама жүргізуге енді қаржы бөлінбейді. Мұның барлығы мақта талшықтарын жеткізу сараптамалық келісімшартының бұзылуына алып келеді. Біздің дерегіміз бойынша, мұндай мәселенің құны – шамамен 150 миллион доллар».

Мақта қауымдастығының төрағасы мәжілісменнен осы аталған мақта заңнамасындағы  кемшіліктерді Үкіметке жеткізіп, аталған мәселелерді жою бойынша шара қолдануды сұрады.

Кейіннен жалған кәсіпорын болып мойындалған компаниялармен қарым-қатынас орнатқан фирмалар бойынша да мәселе көтерілді. Бүгінде олар үлкен шығынға батты – салық төлеу, өсім және т.б. Олардың іскерлік беделі төмендеді. Және де ондай фирмалардың саны көп. Олардың барлығы бұзылған құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуін сұрауда. Нақтырақ айтқанда, кәсіпкерлік қызметінің объективтілігін сақтау.

Кездесу қорытындысында Меруерт Қазбекова барлық қатысушылардан, кейін шешімін табу үшін, бүкіл мәселелерді баяндап ресми хат жазуын сұрады. Сонымен қатар, кездесуде  айтылған барлық мәселелермен міндетті түрде айналысатынын, және оларды өз бақылауында ұстайтынын атап өтті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер