«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Бизнес-омбудсменнің қызмет ауқымы кең

2016 жылғы 16 Тамыз
- Шымкент қаласы
14946 просмотров

Шымкент қаласында журналистерге бизнес-омбудсмен қызметінің қыр-сыры әңгімеленді

Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл аппаратының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша секторының меңгерушісі болып, ОҚО Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Ғазизбек Нәтбаев тағайындалды.

Баспасөз мәслихатында ол бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін бизнес-омбудсмен қызметімен және өкілеттілік аясымен таныстырды.

Айта кетерлігі, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап бизнес-омбудсменнің құқықтық мәртебесін айқындайтын ҚР Кәсіпкерлік кодексі күшіне енді. Жаңа тағайындалған меңгеруші кодекске сәйкес, бизнес-омбудсменнің теңдессіз өкілеттіліктерге ие екендігін атап өтті. Оларға шенеуніктердің шешімдерін, сотқа дейінгі тергеудің ведомстволық актілерін тоқтату, бизнес-қауымдастықтың атынан талап-арыз беру және кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау үшін тікелей сотқа жүгіну сияқты артықшылықтар жатады. Осылайша, жоғарғы дәреже мен кең ауқымды өкілеттіліктер қазақстандық бизнестің қордаланған мәселелерімен, шенеуніктердің өктемдік көрсетулерімен және заңнаманың жетілдірілмеген тұстарымен барынша тиімді күресуге мүмкіндік береді.

Қазақстан үшін бұл жаңа институт. Елбасының жарлығымен Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл қызметіне Болат Палымбетов тағайындалды.

«Бизнес-омбудсмен – мемлекеттік қызметкер болып саналмайды, оның мансабы мемлекеттік емес. Мемлекеттік органдардың пікірлерімен келіспеген жағдайда, ол кәсіпкерлердің бұзылған құқықтарын қайта қалпына келтіру мақсатында мемлекеттік органдарға қатысты жауап беру актісін шығару жөнінде прокуратура органдарына өтінішхат жолдай алады», – деп атап өтті Ғазизбек Нәтбаев.

Бизнес-омбудсмен кәсіпкерлердің құқықтарына қайшы келетін заң нормаларының қосымша актілерін тоқтату өкілеттілігіне ие. Егер бизнес құқығын бұзу жүйелік сипатқа айналып, мәселелерді мемлекеттік органдар деңгейінде шешу мүмкін болмаса, Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына үндеу жолдауға құқылы. Оның қызметіне қандай да бір заңсыз кедергі келтіруге жол берілмейді.

Ғ.Нәтбаев назар аудартып өткен тағы бір жайт: кәсіпкерлер арасында қандай да бір түсініспеушілік болған жағдайда, бизнес-омбудсменнің оған араласуына құқы жоқ. Ол мемлекеттік органдар дұрыс әрекет етпеген жағдайда ғана араласа алады.

«Атамекен» ҰКП-мен өзара ықпалдастығына келер болсақ, бизнес-омбудсмен Ұлттық палата жүйесіне кіреді және Ұлттық палатамен еңбек қатынастарында тұрады.

Аппарат бизнес-омбудсменнің ҚР ҰКП-мен және ҚР ҰКП жүйесіне енетін ұйымдармен өзара қарым-қатынас орнатуын қамтамасыз етеді.

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл аппаратының басшысы ҰКП қызметіне бизнесті құқықтық қорғау желісі бойынша жетекшілік ететін ҚР ҰКП Басқармасының мүшесі болып табылады. Аппарат басшысының орынбасарлары ретінде ҰКП құқықтық қорғау департаменті мен мемлекеттік мониторинг және әкімшілік кедергілермен жұмыс жөніндегі департаменттің директорлары тағайындалады.

Қазақстанның әрбір өңірінде Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл аппараты секторларының меңгерушілері жұмыс істейді. Облыстар бойынша олар – өңірлік Палаталар директорларының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасарлары.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер