«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Мемлекеттік орган кәсіпкерді 5 мәрте сотқа берген!

2016 жылғы 20 Сәуір
- Шымкент қаласы
13372 просмотров

Кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіріп, бизнес субъектісін 5 мәрте негізсіз сотқа берген мемлекеттік мекемеге қатысты дерек ОҚО Кәсіпкерлер палатасында талқыланды

Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің кезекті отырысында мемлекеттік сатып алу саласында мемлекеттік мекемелер тарапынан жіберілген сорақы заңбұзушылық деректері қарастырылды.

Шымкенттегі «Жол болсын» ЖШС ОҚО-дағы мемлекеттік мекеме басшылығының жүгенсіздігінен ұзақ жылдар бойы зардап шегуге мәжбүр болды. Кәсіпкер сотқа бес рет барып, табанын тоздырған.

Үш жыл бұрын облыстық туберкулезге қарсы аурухана тапсырыс беруші ретінде қатысқан тендерде фирма жеңіске жетіп, жөндеу жұмыстарын жүргізу құқығын иеленген. Кәсіпкер келісілген барлық міндеттерін атқарғанымен, тапсырыс беруші құжатқа қол қойып, көрсетілген қызметке төлем төлеуге асықпаған. Мемлекеттік мекеме 5 рет ЖШС-ны негізсіз сотқа берген. Соның үшеуінде фирманы жауапсыз жеткізуші ретінде тану туралы сырттай шешім шығарылған. Ол туралы кәсіпкер тіпті хабарсыз болып келген де, кейін күтпеген жерде біліп қалған.

Бесінші ретте кәсіпкер Кәсіпкерлер палатасына келіп, Палата заңгерлері сотта жеңіп шығуға көмек берді.

Сотта мемлекеттік мекеме алға тартқан орындаушы тапсырысты орындау кезінде заңбұзушылықтарға жол берді деген дәлелдері дәйексіз болып шықты.

Осы компанияға қатысты дәл осындай жағдай тағы қайталанған, алайда басқа тапсырыс беруші тарапынан. 2010 жылы «Жол болсын» ЖШС Созақ ауданы әкімдігінің құрылыс, сәулет және қала салу бөлімінің балабақша салуға жариялаған тендерін ұтып алады. Құрылыс жұмыстарын мерзімінде аяқтап, нысанға кепілді қызмет көрсетуге арналған екі жылдық мерзімді өткерген. Алайда, осыған қарамастан, мемлекеттік мекеме кәсіпкерді сотқа береді. 2016 жылы Палатаға келгенде ғана кәсіпкер соттың өзін жауапсыз жеткізуші деп тану туралы сырттай шешім қабылданғанын білген. Кәсіпкер тағы да сотқа барып, өзінін кінәсіздігін дәлелдеуге мәжбүр болды.

Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңес мүшелерін мемлекеттік органдардың әрекеттері ызаландырып, кәсіпкерлікке кедергі келтірген басшылардың есімдерін атауды талап етті. Мұның түбінде сыбайлас жемқорлық мүддесі қылаң береді деген сенімде олар.

Кәсіпкерлер палатасының пайымынша, мәселе жеке тұлғада емес. Өйткені, бүгінгі күнгі дейін аталған мемлекеттік органдардың басшылары бірнеше мәрте ауысқан, алайда мердігерлермен болатын іс жылдан жылға қайталанып отыр.

«Бұл мемлекеттік сатып алу саласында жүйелік проблеманың қалыптаспағанының дәлелі. Палата құрылыс жөніндегі комитетпен бірлесе отырып, мониторинг жүргізді. Оның нәтижесі бойынша тапсырыс беруші рөліндегі мемлекеттік органдар кәсіпкерлерді жауапсыз жеткізуші ретінде тану үшін негізсіз сотқа берген деректер көптеп кездесті», – дейді ОҚО КП құқық қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту жөніндегі департамент басшысы Тимур Нақыпбеков.

«Бұдан кәсіпкер зардап шегеді, өзінің кінәсіздігін дәлелдеу үшін ол инстанцияларға жүгіреді, ал тапсырыс беруші мемлекеттік органдар үздіксіз, негізсіз сотқа беріп, бұл үшін ешқандай жауапқа тартылмай қала береді», – деп наразылық танытты Кеңес мүшелері.

Көбінесе тапсырыс берушілердің кінәсінен кәсіпкерлер шартты орындауға кеш кірісіп жататындығы бесенеден белгілі жайт. Ал тапсырыс берушінің кейін уақыт жағынан қысымға алуы сотқа арыз жазуына негіз болып жатады.

Кеңес қорытындысы бойынша қаралған материалдар мемлекеттік мекеменің лауазымды тұлғаларының жауаптылығын қарау үшін облыстық прокуратураға жіберілетін болды. Одан бөлек, Палата прокуратурамен бірлесе отырып, тапсырыс беруші жағынан сотқа негізсіз арыз беруге қатысты барлық деректерге кең ауқымды мониторинг жүргізуді қолға алмақ.

«Біз кәсіпкерлерді жауапсыз деп тану туралы сотқа қанша талап арыз берілгендігін, оның қаншасы кәсіпкердің, қаншасы тапсырыс берушінің есебіне шешілгенін талдап көргіміз келеді. Мониторинг қорытындысы бойынша сотқа негізсіз арыз талап берген тапсырыс берушінің мердігер алдындағы жауапкершілігі туралы нақты ұсыныстар енгіземіз», – деп атап өтті Тимур Нақыпбеков.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер