«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Бизнеске арналған тегін үй

2016 жылғы 24 Ақпан
- Шымкент қаласы
14603 просмотров

Бизнесмен өз меншігіндегі екіқабатты зәулім ғимаратын кәсіпкерлерге бизнеспен айналысу үшін тегін ұсынбақ

«Тау жұлдызы базары» ЖШС директоры Біржан Қалтаев бизнеске бір жыл бұрын келген. Мамандығы заңгер, ҰҚК-де жеті жылдан астам жұмыс жасаған. Кейін  Атыраудағы күзет агенттігіне басшылық жасай жүріп, онымен қатар вахташы мұнайшыларға қоғамдық тамақтандыру қызметін ұсынатын кейтерингтік компания құрды.

Бизнестен тұрақты түрде табыс түсе бастаған соң, ол кіші отаны – Төле би ауданын дамытуға қаржы құюға кірісті. Кәсіпкер Леңгір қаласында ауданы 4,2 гектар  болатын аумаққа аудан орталығын дамытудың Бас жоспарына сәйкес тұтас кешен салды. Автобекеті, сауда үйі, балаларға арналған көңіл-көтеру орталығы бар кешенді салу арқылы ол қаланың жаңа архитектуралық бейнесін қалыптастыруға сөзсіз үлес қосты. Жаңа кешен заманауи санитарлық нормалар мен құрылыс және сервистің жаңа шетелдік технологияларына сай салынған.

Кәсіпкер жоспары бойынша мұның барлығы леңгірліктер мен туған қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін жұмыс жасауы тиіс еді. Бірақ... Біржан бүгінде өзін жаңа кешенді ешқандай нормаларға сай келмейтін ескі автобекет пен базардың жанына салуға көндірген жергілікті биліктің ықпалына ергеніне өкініп отыр. Әкімдер ауысып, онымен бірге ескі базары мен маршруттық рейсі бар автобекетті басқа орынға ауыстырамыз деген уәде көзден бұлбұл ұшты. Экзотикалық пальмалары бар сәулетті кешен бүгінде бос тұр. Облыс орталығындағы белгілі сауда үйлерінен еш кем емес жабық базарға келушілер жоқтың қасы. Автовокзалда да автобустар жоқ. Біржан Қалтаев көптен бері сатып алушыларды күтіп үздіккен саударгерлерден ақы алмай келеді. Керісінше бұл жер жергілікті жасөспірімдердің сүйікті орнына айналған, пальмалары бар әдемі кешенде селфилеткен жастар көп.

«Егер мен сонда өз дегеніммен басқа, мәселен зауыт салсам, онда мұнда қызу өндіріс жүзеге асатын еді», – дейді ол.

Кәсіпкердің ойынша, оның бизнесі әкімшілік кедергілер салдарынан өркендей алмай келеді. Жергілікті билік ескі автовокзал мен базардың қызметін тоқтатпауға мүдделі.

Алайда, өз елінің патриоты Біржан бос тұрған сәулетті ғимаратты жақсы кәсіпкерге тегін беруге дайын. «Бастаушы кәсіпкерлерге айтарым: келіңдер, пайдаланыңдар, өз бизнестеріңді дамытыңдар, жалға ақы алмаймын. Мұнда барлық жағдай бар: кең әрі әдемі бөлмелер, заманауи жылыту жүйесі жасалған. 300 шаршы метрден астам бос орын тұр», – деп айтып берді кәсіпкер. Оның айтуынша кәсіпкерлер тек коммуналдық төлемдер төлеуі қажет.

Бұл ұсынысты бірінші болып ОҚО Кәсіпкерлер палатасы Төле би аудандық филиалының директоры Ханай Әшірбеков қабыл алды. Ол бұл жерде бизнес негіздерін оқығысы келетін және өз ішін ашпақ ниеттегілерге арнап бизнес-инкубатор ашпақшы. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер