«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Жер қойнауын пайдаланушылар мен мемлекеттік мекемелер: мәмілеге келуге болады

2016 жылғы 19 Ақпан
- Шымкент қаласы
15650 просмотров

Жер қойнауын пайдалану туралы қолданыстағы заңнама түзетуді талап етеді

ОҚО Кәсіпкерлер палатасы Құрылыс комитетінің мәжілісінде осындай түйінге келді.

Палата жанынан сала проблемаларын шешу мақсатымен арнайы құрылған Комитетке Оңтүстік Қазақстан Жер қойнауын пайдаланушылар қауымдастығы да кіреді. Жер қойнауын пайдаланушылар қазіргі жағдайда қандай проблемалармен бетпе-бет келуде? Осы проблемаларды жедел шешу және даулы мәселелер бойынша келісу үшін оларды мемлекеттік орган өкілдерімен кездесуге шақырды.

Талқылау қызу түрде өтті. Ең көп таралған проблеманың бірі мемлекеттік органдар кен орындарын қазу және елді мекендер құрылысы үшін бөлетін жер телімдерін пайдалануға қатысты болып шықты. ОҚО-да, айталық, жер қойнауын пайдаланушыларға таулы жер бөлінеді, ал содан кейін жергілікті атқарушы органдар осы жерге, мысалы, шаруа қожалығына немесе үй салуға мемлекеттік акті береді. Салынған үй иелері бірнеше жыл өткен соң ғана өздерінің тұрғын жайы кен орнына салынғанын бір-ақ біледі. Таяуда болған мысал: фосфор зауыты салынған ауданның тұрғындары карьер тұрғын үй алабына тым жақын орналасқаны туралы шағым жазды. Сонымен, жер қойнауын пайдаланушылар және Жер комитеті арасында даулы мәселе туды. Неге?

Жалпы,  жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа қол қойылуы жергілікті атқарушы органдардың кідірмей жер кесіп беруіне негіз болып табылады. ҚР «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Заңының 113 бабының 1-тармағында дәл осылай делінген: «елді мекендерді, өнеркәсіптік кешендерді және басқа да шаруашылық объектілерін жобалауға  және салуға жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті органның болашақ құрылыс учаскесі астындағы жер қойнауында пайдалы қазбалардың жоқ немесе оның аз мөлшерде екендігі туралы оң қорытындысын алғаннан кейін ғана рұқсат етіледі».

Яғни, тұрғын үй алабын салуға рұқсат берместен бұрын, мемлекеттік органдар осы жердің астында жер асты байлығы жоқ екендігіне көз жеткізуі тиіс.

Бұл ескі заң бойынша осылай. Ал, жаңа заң болса «жер заңнамасына сәйкес» деген сөзбен толықтырылған. Бірақ, жер кодексінде жер қойнауын пайдалану туралы бір ауыз сөз жоқ (!). Норма шығармашылық шырмаулары осындай жосықсыз жағдайларға алып келеді.

Мәжілісте тиісті министрлікке болашақ ҚР Тау кодексінің жобасына өзгертулер енгізу жөнінде ұсыныстар жолдау туралы айтылды.

Кәсіпкерлер болса, өз кезегінде, атқарушы билік өкілдеріне бос жерлер бар екендігі туралы мәліметтердің –  барлығы үшін қол жетімді  бірыңғай банкі бар Жер қойнауын пайдаланушының анықтамалығын – құруды ұсынды. Оны құрудың жер қойнауын пайдаланушының құқықтарын сақтау қағидатына орай мәні зор: «Кім бірінші келсе – сол бірінші алады». «Егер жер кен орнына арналған болса, онда сіз бұл жерге қандай жер қойнауын пайдаланушы және қашан кіргені туралы ақпаратты аласыз», – деген ұсыныс жасады кәсіпкерлер.

«Строй Юг Групп» ЖШС-нің басшысы бір жылдан астам уақыт созылып келе жатқан проблеманы көтерді: келісім-шартта жер қойнауын пайдаланушының мемлекеттік бюджетке жыл сайынғы аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына арнап инвестициялар көлемінің он пайызы, бірақ 13 000 АҚШ долларынан кем емес мөлшерде ақша бөлу міндеттемесі көзделген. «Көп таралған пайдалы қазбаларды өндіру бойынша жер қойнауын пайдалану келісім-шартында шетел валютасындағы төлемақыларды тағайындау заңға сыйымды ма?», – деген сұрақ берді ол.

Кәсіпкер шетел валютасын ұлттық валютаға ауыстыруды өтінді: «Мемлекеттік орган қалайша жер қойнауын пайдаланушыға долларды міндеттей алады? Бүгінгі  күні қазақстандық кәсіпкерлердің долларлық шоттары бар ма?», – деп қынжылды кәсіпкер.  Бес жыл бұрын облыстық кәсіпкерлік басқармасы оның қосымша келісімшартына қол қойды және әлеуметтік төлемақыларды АҚШ долларымен төлеу шартын қойды. Және де мұндай әлеуметтік дамуға арналған төлемақылар сомасы шетел валютасымен көрсетілген келісімшарттар бүгінгі күні ОҚО-да 50-ден асады.

Облыстық табиғатты пайдалану басқармасының басшылығы келіссөз үстеліне отыруға және биылғы жылға қатысты келісім-шарттық міндеттемелерді қайра қарастыруға дайын екендігін білдірді, себебі келісімшарттардың өзгертулері мен толықтырулары тек екіжақты келісім бойынша енгізілуі тиіс. Бірақ, өткен жылдардың берешектері бойынша әлеуметтік төлемақыларды доллармен төле дейді, оған қоса, бұл кәсіпкерге еке есе арзан болып шығады екен.

Жер қойнауын пайдаланушылар мемлекеттік органдардың өтініштерге құлақ аспайтынын және жауапты сағызша созатынын айтып шағымданды. Және де, уәкілетті органдар жер қойнауын пайдаланушыларға пайдалы қазбаларды өңдеу жоспарын орындамағаны үшін де және артық орындағаны үшін де айыппұл санкцияларын салатыны айтылды. Осы мәселені реттеу үшін қолданыстағы заңнамаға өзгертулер енгізу талап етіледі.

Сонымен, айтылған проблемалардың басым көпшілігі жүйелі сипатта екендігі байқалды. Ал, жергілікті деңгейде шешілетінін, әйтеуір, қадағалаушы және бақылаушы органдар естіді, олар кәсіпкерлермен бір үстелдің басында отырып, мәмілеге келуге даяр екендіктерін білдірді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер