«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Кәсіпкер қолға алған кәсіптің өңірде баламасы жоқ

2018 жылғы 05 Қараша
- Шымкент қаласы
8852 просмотров

Жас кәсіпкер отандық нарықтан шетелдік бәсекелестерді ығыстыруға дайын

26 жасар Тәңірберген Есполов ротангтан жасалған жиһазды шығарады. Кәсіпкер бұл өнім жақын арада шетелдік өндірушілерді ығыстырады деген сенімде. Өйткені, кәсіпкер сапасы жағынан қытайлық және түркиялық өнімнен кем түспейтін әрі бағасы екі есе арзан ротангтан жасалған жиһаз шығарады. Сонымен қатар бұл өнімге сервистік қызмет көрсетіліп, кепілдік беріледі.

Тәңірбергеннің мамандығы – инженер-құрылысшы. Қазақ Бас сәулет-құрылыс академиясын тәмамдаған соң ол Астана мен Шымкент қалаларында орналасқан банктерде жұмыс істейді. Былтыр жеке кәсіпті қолға алып, орынжайларға жөндеу жұмыстарын жүргізу бойынша қызмет көрсетуді ашты.

 «Пәтерлер, үйлер, кеңселерге жөндеу жұмыстарын жүргізіп жүріп, ротангтан өрілген жиһаз жақсы қолданыста екенін байқадым. Осы бағытта перспективалы кәсіпті көрдім. Мұндай жиһаз елімізде шықпайтынын білген соң, өндірісті қолға алам деп шештім. Енді біз өз бизнесімізді «өріп» отырмыз әрі жергілікті бәсекелестеріміз жоқ», – деді Тәңірберген Есполов.

Кәсіпкер бастапқыда Өңірлік кәсіпкерлер палатасында «Бизнес-Кеңесші» бағдарламасы бойынша оқып шықты. Палата мамандары болашақ бизнес-жобаның бизнес-жоспарын құруға көмектесті. Содан кейін Тәңірберген жастар жобалары байқауына қатысып, 3 млн теңге көлемінде грант жеңіп алды. Осы қаражатқа ол экструдерлі жабдық, дәнекерлеуші және бояйтын аппарат сатып алды. Экструдерлі  жабдық полипропилен түйіршіктерінен пластик жоңқа шығарады. Бірақ ең басты ингредиент – жасанды ротанг еді. Қазіргі таңда кәсіпкердің фабрикасында жасанды ротангты әзірлеуден бастап, дайын жиһаз шығаруға дейін өндірістің толық циклі орындалып жатыр. Жалға алынған цехте бес адам – төрт өруші және қаңқа дайындау маманы жұмыспен қамтылған.

 Жергілікті тауарды бірінші болып  Шымкент қаласында орналасқан «World Сlass» фитнес-орталығы сатып алды. Фитнес-орталығы 13 шезлонг және 8 журнал үстелін сатып алды.

 Биыл күзде Тәңірберген «Жылдың үздік кәсіпкері» республикалық байқауында бірінші орын алды. Аталған байқауды биыл алғаш рет «Атамекен» ҚР ҰКП өткізді.

«Royal comfort» жасанды ротангтан жиһаз өндірісін байқаудың қазылар алқасы үздік бизнес-жоба деп танып, 1 миллион теңге көлемінде грант бөлді. Бұл миллион кәсіпкерге айналым қаражаты ретінде кәдеге жарады. Қаражатқа шикізат – полипропиленді түйіршіктер алынды.

Оның айтуынша, ротангтан өрілген жиһаз түрі сан алуан. Сұраныс өте жоғары, жеке үйі бар тұрғындар аспалы креслоларға тапсырыс береді. Бүгінде фабрикадан  шығатын өнім нарықтың 2 пайызын ғана қамтып отыр. Сондықтан бизнесті кеңейту – жоспарда.

 «Бастысы Өңірлік кәсіпкерлер палатасы маған кәсіп бастауға мүмкіндік берді. Өзіме деген сенімділік артты. Енді Қазақстанда жасалған өнім импорттық өнімнен еш кем емес екенін нақты білемін. Келешекте толық импортты алмастырамыз деген ойдамын», – деді кәсіпкер.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер