«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Алма Архабаева: Мақсатымыз – өңірдің қыз-келіншектерін бизнеске тарту

2016 жылғы 07 Наурыз
- Шымкент қаласы
5408 просмотров

Оңтүстік Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы, «Асыл арман» компаниясының директоры Алма Архабаева нәзік жандарға бизнестің қыр-сырын үйрету керек деп санайды

Әрбір әйел өз өмірінде дүниеге бала әкеліп, ұрпақ тәрбиелеу, нәзік те биязы болумен қатар, қоғам ісіне араласып, отбасына да, еліне де пайдасын тигізуге ұмтылады. Олардың біразы мемлекеттік мінберлерден көрініп, еліміз үшін маңызды шешімдер қабылдауға атсалысса,  енді бірқатары кәсіп ашып, оны табыс көзіне айналдыруда. Осы ретте біз сондай нәзік жандардың бірі – Алма Нұралықызын кәсіпкерлік туралы ойларымен бөлісу үшін әңгімеге тартқан едік.

- Алма ханым, «Асыл арман» компаниясы бүгінде табиғи дәрі-дәрмек шығаратын еліміздегі бірегей компанияға айналып отыр. Сізге әу баста мұндай идея қалай келді?

- Мен бұл бизнесті жайдан жай бастаған жоқпын. 10 жылдан аса дәрі-дәрмек сататын жүйелі маркетингтік компанияда жұмыс істеп, біраз тәжірибе жинадым. Кейіннен өзімнің дәрілік заттар жасауға қызығушылығым арта бастады. Оның үстіне кәсіпті  өзіңе жақсы таныс саладан бастасаң, оңай болады деген қағида да бар. Кейін идеяны дамыта келе, 2005 жылы «Асыл арман» деген атпен өз компаниямызды аштық.

- «Асыл арманның» өнімдері қалай өндіріледі?

- «Асыл арман» өнімдерінің басты ерекшелігі дәрі-дәрмектің көпшілігі елімізде табиғи жолмен өндіріледі. Негізінен шикізаттар, яғни дәрілік шөптер өз елімізде шығарылады. Кейбіреулерін шетелдерден алдырамыз. Соңында дәрілерді арнайы рецепт бойынша  өз орталығымызда жасап, қаптамаға орап дайындаймыз. Химиялық дәрілерден шаршаған қоғам экологиялық таза табиғи өнімдерді жақсы қабылдады. Өнімдерімізді тек Қазақстанда ғана емес, ТМД көлеміне шығаруға талпынып жатырмыз. Қазіргі таңда тұрақты тұтынушыларымыздың жалпы саны 100 мың адамға жетіп қалды.

- Кәсібіңізбен қатар  ӨКП  жанынан құрылған Іскер әйелдердің кеңесін басқарасыз. Бұл ұйымның мақсаты қандай?

- Мемлекет шағын және орта бизнестегі нәзік жандардың үлесін арттыруды көздеп отыр. Осы идеяны жүзеге асыру мақсатында бұл ұйым 2015 жылдың мамыр айында құрылған еді. Біз бағдарламалар жасап, өңірдің қыз-келіншектерін бизнеске тарту жолдарын қарастырамыз. Сонымен бірге, кәсіп ашу  және оны дамытудың қыр-сырын үйрететін боламыз. Біздің мақсат – оларға бағыт-бағдар көрсету. Тек қаладағы ғана емес, ауыл-аудандардағы кәсіпке икемі мен қызығушылығы бар әйелдерді бизнеске тарту үшін,  тиянақты жұмыстар жасалып жатыр.

- Бизнесте жүрген әйел адамдар қандай қиындықтарға тап болуы мүмкін?

- Ер ме, әйел ме, кәсіпкерлікте бәрі тең, құқықтары бірдей болуы керек. Бірақ әйел адамдарға қарағанда ер адамдардың уақыты да көбірек, қабілеті де басымырақ. Өзіндік артықшылықтары бар. Ал әйелдердің психологиялары басқаша. Ширақ қимылдағанымен, тез шешім қабылдай алмайды. Дегенмен, заң бәріне бірдей, сәйкесінше мүмкіндіктері де бір. Сондықтан, әйелдер  қиындықтардан қорықпаулары керек.

- 8 наурыз халықаралық әйелдер күні қарсаңында іскер әйелдерге қандай тілек айтар едіңіз?

- Қарапайым әйелдерге қарағанда, іскер әйелдердің жауапкершілігі екі есе көп. Бизнестің сәтті дамуы, ер азаматтарының бақыты, балаларының сана-сезімдерінің жоғары болуы – бәрі әйелдің қолында. Менің бір білерім, әйел бақытты боламын десе, себеп әрқашан табылады. Денің сау болып, жақындарының қасында болуының өзі бақыт. Бақытты болыңыздар, қымбатты іскер әйелдер!

- Сұхбатыңызға рақмет!


Еншілес ұйымдар

Серіктестер